99 жастағы соғыс ардагері коронавирус дертін жеңіп шықты
Әскери фуражка киген Эрмандо Пиветаны Бразилия ауруханасының дәрігерлері қошеметпен шығарып салды.
19:45 15.04.2020
Бразилияда 99 жастағы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Эрмандо Пивета аты жаман ауруды жеңіп, үйге шығарылды. Басына әскери фуражкасын киген ардагерді аурухана дәрігерлері ерекше қошеметпен шығарып салған.
«Бұл дертті жеңу маған майданды жеңуден маңыздырақ болды. Соғыста не өлесің, не өмір сүресің. Ал, мұнда өмір сүру үшін күресуің керек», - дейді Пивета.
Ардагерге коронавирус диагнозы осыдан екі апта бұрын қойылған. Науқастың өкпесі қабынып, екі күн интенсивті терапия бөлімінде жатқан. Аурухана директорының айтуынша, Пиветаның денсаулығының мықтылығы арқасында оған өкпеге жасанды дем беру аппараты қажет болмаған. Джон Хопкинс университетінің соңғы мәліметтеріне қарағанда, Бразилияда 25 262 адам коронавирусқа шалдыққан, оның 1532-сі қайтыс болды.
Дереккөз: Baq.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!