Күн көзі коронавирусты өлтіре ме – қазақстандық инфекционист жауап берді
Жазда адамдар бір жерде жиналып отырмайды, үйді жиі желдетіп жатады, бұның бәрі вирустың таралуына жол бермейді, деп есептейді Баешева
16:38 14.05.2020
Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері Динагүл Баешева жаз уақытында коронавирустың қалай таралатынын айтты.
"Жазда күн көзі қатты. Ал ультракүлгін сәулелер көптеген патогендік вирус пен бактерияны өлтіреді. Әрине, бұл – жақсы жаңалық. Бірақ маңызды бір мәселені ұмытпауымыз қажет. Бұл вирус тыныс алу жолдарындағы жасушалар арқылы таралады. Ол жерге ультракүлгін сәулелер түспейді. Мәселе сонда", - деді Баешева бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, жазда адамдар бір жерде жиналып отырмайды. Көшеге шығып, бір-бірінен алшақ жүреді. Ал үйде отырса, терезе мен есікті жиі ашып, желдетіп жатады. Бұның бәрі вирустың таралуына жол бермейді.
"Дегенмен, арақашықтықты сақтау қажет. Адамдар бір-бірінен кем дегенде бір метр алшақ жүруі керек. Негізі талап бойынша 1-2 метр болуы шарт. Біздің негізгі мақсатымыз – вирусты бір-бірімізге таратпау. Ал инфекцияны көбейтпеу үшін оның тізбегін үзу керек. Бұл ретте гигиенаны да ұмытпағанымыз жөн", - деп атап көрсетті Баяешева.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!