Пәкістанда ұшақ апатында 98 адамның екеуі ғана тірі қалған
Сарапшылар Пәкістанда жұма күні таңертең болған әуе апаты орнындағы ұшақ сынықтарын мұқият зерттеп жатыр.
12:29 23.05.2020
Бортында 100-ге жуық адам отырған Airbus ұшағы Карачи қаласындағы үйлердің үстіне құлаған. Апат кезінде екі адам тірі қалған. Бейнебақылау камерсасы ұшақтың тұрғын үйлер үстіне құлап түскен сәтін жазып алған. Құтқарушылар үйінді астынан банк президенті Зафар Масудты аршып алды. Абырой болғанда, Масуд тірі, тек бірнеше жері сынған. Оның қасындағы жолаушы Мұхаммед Зубаир де аман қалған.
«Ұшақ өртене бастады... Мен қауіпсіздік белдігін шештім, жарықты көрдім», -деді ол аурухана палатасында жатып.
Авиациялық қызмет өкілдері бортында 98 адам болған А320 ұшағы Лахордан ұшып шығып, Карачиға қонбақ болғанын мәлімдеді. Алайда, жол үстінде екі қозғалтқышы да істен шыққан. Пәкістан жақында коронавирус пандемиясы кезінде бірнеше аптаға созылған карантиннен кейін ішкі рейстерді қайта қалпына келтірген. Елдің премьер-министрі Имран Хан ұшақ апаты толық тергелетінін айтып уәде берді.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!