Нұр-Сұлтанда карантин режимі жеңілдетілмейді
Вирус жұқтыру қаупі әлі бар, сондықтан қазір босаңсуға болмайды.
10:07 24.05.2020
Елордада карантин режимі жеңілдемейді, тұрғындар санитарлық нормаларды қатаң сақтауы тиіс. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов коронавирус инфекциясының таралуына қатысты жиын өткізді.
"Карантин режимі жеңілдегеннен кейін қазір көшелерде адам көп. Күн сайын жүргізіліп жатқан рейд қатаң санитарлық нормаларды сақтау қажеттігін көрсетіп отыр: санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін 26 нысан жабылды, олар құрылыс компаниялары, дәмханалар мен мейрамханалар, қонақүйлер және т.б. 150-ден астам кәсіпорын ескерту алып, кейбіріне айыппұл салынды", - деді Көлгінов.
Рейд кезінде саябақтар мен гүлзарларда адамдар топтасып жиналып, маскасыз жүретіні анықталған.
"Осының бәрі инфекцияның тез таралуына әкелуі мүмкін. Дәрігерлерге вирусты дер кезінде анықтап, індет ошағын жою қиын болады. Осыған орай полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеп, халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қызметі рұқсат етілген компаниялар жұмысына күнделікті мониторинг жүргізуі тиіс. Санитарлық нормаларды бұзған нысандар жабылады", - деді қала әкімі.
Ол вирус жұқтыру қаупі әлі бар, сондықтан босаңсуға болмайтынын атап өтті. Әркім өзінің және жақындарының денсаулығы үшін әлеуметтік жауапкершілік таныту керек.
"Өкінішке қарай, ауырғандардың 40%-ы 18 бен 30 жас арасындағы жастар, 36%-ы 30-дан 50 жасқа дейігі адамдар. Коронавирусқа әдеттегі тұмау деп қарамау керек. Бұл ауру санаулы күннің ішінде мықты әрі бұрын созылмалы аурулары болмаған адамның денсаулығын құрта алады. Тек өзін-өзі оқшаулау мен санитарлық талаптарды ұдайы сақтау ғана бұрынғы қалыпты өмірімізге тез жеткізетін және ең дұрыс жол", - деді Көлгінов.
Қаланың периметрі бойынша блок бекеттер жұмысын жалғастыруда. Қаланы патрульдеу, кәсіпорындардың санитарлық нормаларды сақтауы, халық арасында түсіндіру жүргізуге полицейлердің барлық құрамы жұмылдырылды. Дәрігерлер мен волонтерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!