Әркім қалтасына қарай баспана алады - министрлік жаңа заң әзірлеп жатыр
Қазақстанда әрбір адамның жағдайына қарай баспана алу тетігі болады.
12:37 28.05.2020
Сенат отырысында депутат Нұрлан Қылышбаев халықты баспанамен қамтуға қатысты маңызды мәселені көтерді. Осы орайда ол индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министі Қайырбек Өскенбаевқа сұрақ қойды.
"Қолданыстағы тұрғын үйді беру ережелерінде "тұрғын-үй жағдайын жақсарту" деген механизм қарастырылған жоқ. Мысалы, жас отбасы, әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер бір бөлмелі пәтер алады. Ал төрт-бес жылдан кейін балалары дүниеге келгеннен кейін бір бөлмелі пәтерді екі-үш бөлмеге ауыстыру үшін заңға сәйкес жол жоқ. Министрлік өз жұмысында осы механизмді қарастыру, оны енгізу жоспары бар ма?", - деді Қылышбаев.
Вице-министр Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, бүгінде үй құрылысына қатысты мәселелер "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған. Алайда депутаттың көтерген мәселесі бойынша жаңа заң даярланып жатыр.
"Сіз көтерген сұрақ бойынша біз жаңа заңды дайындап жатырмыз. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлының таяуда берген тапсырмасы бар. Әр адам өз деңгейіне қарап, Қазақстан бойынша үй алуға мүмкіндік беретін механизмді табуымыз қажет. Өйткені барлығы бірдей емес. Біреудің жағдайы жақсы, біреудікі орташа. Сол себепті әр қазақстандық өз механизмін таңдауы керек. Ал біз ондай мүмкіндікті беруіміз қажет. "Сіздің жағдайыңызға қарай үй алуға осындай механизм бар, ал сіз үшін осындай" деген сияқты", - дейді Өскенбаев.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа заң жобасы үкіметтің талқылауынан өткеннен кейін парламентке ұсынылады.
"Қазір біз көпбалалы отбасы, мүгедектер деп санат бойынша бөліп жатырмыз ғой. Енді, ондай санаттан кетіп, әрбір адамның жағдайына қарай сатылы жүйені енгіземіз. Мысалы, жағдайы төмен адамдар бар, оларға кредит беруге болмайды. Өйткені табысы аз. Ондай адамдар жалдамалы үймен қамтылады. Ал орташа табысы барларға "Бақытты отбасы" жобасы аясында 2 проценттік кредиттер беріледі. Олардан жағдайы жоғары адамдар үшін 5 процентпен беретін механизмді іске асырамыз", - деп атап көрсетті Өскенбаев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!