Көлік жүргізушілердің жеке куәлікпен жүретін мерзімі белгілі болды
Қазіргі кезде полицейлер 13 мың планшет ұстап жүр, оған жеке тұлғалар мен автокөліктер туралы мәліметтер, сақтандыру компанияларының ақпараты енгізілген.
09:21 10.06.2020
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев көлік жүргізушілері заң жобасы жыл соңына дейін парламентте қабылданса, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке куәлікпен ғана жүруге болатынын айтты.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы көктемде тиісті бағдарламаны әзірлеуді тапсырған болатын. Біз оны интеграциялап, әзірлеп қойдық. Ал төтенше жағдай кезінде блок бекеттерде сынақтан өткізіп алдық", - деді Тұрғымбаев онлайн брифингте.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде полицейлер 13 мың планшет ұстап жүр. Оған жеке тұлғалар мен автокөліктер туралы мәліметтер, сондай-ақ, сақтандыру компанияларының ақпараты енгізілген. Техникалық тексеріс пен көлікті тіркеу деректері де бар.
"Техникалық жағынан біз жаңа бағдарламаға көшуге дайынбыз. Бірақ жеке куәлікті ғана ұстау туралы ұсыныс заң жобасына енгізілген. Ал заң жобасы мәжілісте жұмыс тобының қарауында жатыр", - деп түсіндірді Тұрғымбаев.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін заң жобасы парламент арқылы өтсе, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке куәлікпен ғана жүруге болады. Басқа құжаттарды ұстаудың қажеті жоқ.
Министр планшет жетпей жатқанын да жеткізді. Полицейлерге тағы 5-6 мыңдай планшет керек. Қазіргі кезде облыстық ішкі істер департаменттері әкімдіктерге хат жазып, қаржы бөлуді сұрап жатыр. Жыл соңына дейін осы мәселе шешілсе, барлық полицей планшетпен қамтылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!