БҚО тұрғыны есікті құлыптауды ұмытқаны үшін ағасын өлтірді
Батыс Қазақстан облысында есікті құлыптауға ұмытып кеткені үшін ағасын өлтірген айыпталушыға сот үкімі шықты.
18:31 10.06.2020
Іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «TrueConf» мобильдік бейнебайналыс жүйесі арқылы қаралды. Сот талқысында белгілі болғанындай, биылғы 6 ақпан күні сағат 14.00 шамасында В.Панкратов Н.Назарбаев даңғылы 244/1-үйдегі өзінің 141-пәтерінде ағасы Ю.Недобитко және көршісі А.Сарминмен арақ ішкен.
Спирттік ішімдіктер біткен соң, сағат 16.30 шамасында Ю.Недобитко мен А.Сармин шығып кетіп, В.Панкратов үйінде қалады. Кейін 17.00 шамасында ағасы қайта кіріп, кіреберіс есіктің ілмешегін жаппаған. Осыдан ағайындылар арасында ұрыс-керіс туындап, соңы төбелеске ұласқан. Ақыры ас бөлмесінен пышақ алған В.Панкратов Ю.Недобитконың кеудесіне кемінде үш мәрте соққы жасаған. Марқұм сол жерде жан тапсырған.
Судья Шара Зайнуллина мәлім еткендей, В.Панкратов ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру) сәйкес айыпты деп танылды. Сотталушы кінәсін толығымен мойындады. Ол 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!