Шілде айында Қазақстанда ауа райы қандай болады
Синоптиктердің болжамы бойынша республикада қысқа мерзімді суық болып, кей өңірлерде жауын-шашын мөлшері аз түседі.
14:06 17.06.2020
Шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері қалыпты жағдайда болып, республиканың барлық аумағында ауа температурасының климаттық нормасы сақталады.
"Жауын-шашын мөлшері еліміздің оңтүстік-батыс бөлігінде Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облысы, Ақтөбе облысының оңтүстігі мен Қарағанды облысында, Балқаш көлінде, Алматы мен Жамбыл облыстарының солтүстік жартысында аз түседі", - деген болжам жасады мамандар.
Синоптиктердің болжамы бойынша, шілдеде Атлант, Скандинавия және Кар теңізі маңында суық және ылғалды ауа массасы болуына байланысты республикада қысқа мерзімді суық болып тұрады. Сонымен қатар республика бойынша жаңбыр жауып, екпінді жел және ауа температурасының төмендеуі болжанып отыр. Ауа температурасы елдің солтүстік жартысында түнде +7...+12°С дейін, күндіз +17+23°С болса, оңтүстік жартысында түнде +13...+18°С, күндіз +25+30°С дейін жетеді.
Кей күндері Иран мен Орта Азия аудандарынан ыстық тропикалық ауаның шығуына байланысты оңтүстік аймақтың жартысында ауа температурасы +35...+45°С дейін айтарлықтай көтеріліп, солтүстік жартысында термометр бағаны +30...+38°С көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар синоптиктер шілдеде еліміздің барлық өңірінде күн жылы болады деген болжам жасады.
Дереккөз: Қазгидромет
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!