Министр лауазымынан босатуды Президенттен өзім сұрадым: Елжан Біртанов
Елжан Біртанов Мемлекет басшысынан Денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатуды өтінгенін мәлім етті.
18:50 25.06.2020
«Құрметті әріптестер мен достар! Бүгін мен Мемлекет басшысынан денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатуды сұрадым. Өкінішке қарай, коронавирус инфекциясын жұқтырып алғаннан кейін ауру күрделі пневмонияға ұласып, қосымша ем-дом қабылдау қажеттігі туды», - деп жазды экс-министр Facebook парақшасында.
Оның жазуынша, қазіргі таңда елдегі эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты саланы толыққанды басшы басқаруы керек.
«Министрлік деңгейінде де, аймақтар деңгейінде де солай есептеймін. Біздің денсаулық сақтау жүйесі түскен жүктемені еңсеретініне сенімдімін. Оған уақыт және әрбіріміздің күш-жігеріміз керек. Өз әріптестерімнің бәріне денсаулық пен табандылық тілеймін», - дейді Елжан Біртанов.
Жазба соңында Елжан Біртанов Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосуға мүмкіндік беріп, сенім білдірген Мемлекет басшысына алғысын айтты. Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Елжан Біртанов Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылып, оның орнына бүгін Алексей Цой тағайындалды.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған министр Алексей Цойды Денсаулық сақтау министрлігінің ұжымына таныстырды. Ал Елжан Біртановтың коронавирус жұқтырып, ауруханаға түскені туралы ақпарат 14 маусымда тараған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!