{metadescription}
Тоқаев коронавирусқа байланысты елдегі жағдай туралы айтты

Тоқаев коронавирусқа байланысты елдегі жағдай туралы айтты

Президент коронавирустың кең таралуына байланысты тұрғындардан арыз-шағым көп түсіп жатқанын атап өтті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус жайлы ақпараттандыру жұмысы нашар жүргізіліп жатқанын айтып, оған қатысты тәсілді түбегейлі өзгертуді тапсырды. Президент вирустың кең таралуына байланысты тұрғындардан арыз-шағым көп түсіп жатқанын атап өтті. Айтуынша, www.coronavirus2020.kz сайтына қырық мыңға жуық сұрақ келген. Оның тек үштен біріне ғана жауап беріліпті. 

"Мұндай қарым-қатынастың нәтижесінде теріс әрі жалған ақпараттар өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын қиындатуда. Ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту керек. Телеарналардан, тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, сұрақтарына жауап алатын күнделікті бағдарламаларды ұйымдастыруға неге болмайды?", - деді Тоқаев кеңесте. 

Мемлекет басшысы қазақстандықтарға коронавирустан емдеудің хаттамасы мен алгоритмін жеткізу керек деп санайды. Сонымен қатар, ол дәрі-дәрмектер мен оны пайдалану жөнінде түсініктеме беруді тапсырды. Президент коронавируспен күресте ақпаратты дер кезінде тарату маңызды рөл атқаратынын айтты. 

"Дер кезінде хабарлап, тиісті шаралар қабылдауға көп нәрсе байланысты. Бастапқы кезеңде бұл жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жіберді", - деді президент.

Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы шаралар туралы кеңес өткізетінін хабарлаған болатынбыз. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде