Алматыдағы дәрі-дәрмектерді арнайы топ қадағалайтын болады
Арнайы мониторингтік топ Алматыдағы дәріханаларда дәрі-дәрмектердің бар-жоғын бақылайды.
18:33 30.06.2020
Мұндай қаулыға қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қол қойды. Қаулыға 29 маусымда қол қойылды. Мониторинг тобына Алматы қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті департаментінің, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының, фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының өкілдері кірген. Топ күн сайын дәріханаларда дәрілік заттардың 41 түрінің болуына мониторинг жүргізуге міндетті.
"Алматы дәріханалық ұйымдарына күн сайын сағат 17:00-ге дейін бекітілген тізімге сәйкес дәрі-дәрмектердің болуы туралы ақпарат беруді тапсырамын. Сондай-ақ дәріхана ұйымдарының басшылары дәрілік заттардың шекті бөлшек сауда бағаларын қатаң сақтасын. Осы қаулының орындалуын бақылау департамент басшысының орынбасары М. Е. Мұхамедияровқа жүктелсін", - делінген құжатта.
Жандарбек Бекшиннің қаулысы қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!