Мамин министрлер мен әкімдерге тапсырма берді
Үкімет басшысы Асқар Мамин ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен және өңірлерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді тапсырды.
11:12 21.07.2020
"Баяндамалардан байқанымыздай, эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақтану деңгейіне шыққаны байқалады. Республика бойынша коронавирус жұқтырғандар өсімі тәулігіне 2,1 пайызды құрайды, кейбір өңірде одан да аз. Мысалы, Шымкентте 1 пайыз, Қызылорда облысында - 0,9 пайыз, Түркістан облысында - 0,8 пайыз, Ақтөбе облысында - 0,5 пайыз. Қазіргі басты міндет - барлық өңірдегі ауру жұқтыру деңгейін орнықты төмендету", - деді ол.
Сонымен қатар, үкімет басшысы нақты шараларды атады. Осыған байланысты ол тамыздың соңына дейін ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен, сондай-ақ, өңірлерді көшпелі диагностикалық кешендермен, аудандық ауруханаларды цифрлық рентген-аппараттармен қамтамасыз етуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер екі апта ішінде оттегі концентраторлары мен медициналық газдардың өңірлерге толық көлемде жеткізілуін қамтамасыз етуі тиіс.
"СК-Фармация" шілде айының соңына дейін дәрі-дәрмек сатып алып, қосымша бір айға жететін көлемде өңірлерге бөлсін және де дәрі-дәрмек қажеттілігін жоспарлаудың нақты жүйесін анықтасын. Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақтөбе облысының үлгісімен әр өңірде тұрақтандыру қорларында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қоры қалыптастырылсын", - деді Мамин.
Бұдан бөлек, денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен және ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге шілденің соңына дейін өңірлерде ветеринарлық зертханалар базасында коронавирусқа тестілеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырып, кадрлармен жасақтау тапсырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!