Сәтбаевтағы халық толқуы: Адамдар бірнеше көлікті өртеп жіберген
Сәтбаев қаласындағы жағдай тұрақтанды, деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
11:13 24.07.2020
Мұнда қызды ұрлады деген күдікпен ер адам қамауға алынғаннан кейін тәртіпсіздік басталған болатын.
"Қазіргі уақытта қаладағы жағдай тынышталды, күдіктіні полицейлер қамауға алды. Тұрғындар тарады. Сәтбаевқа облыс әкімі кетті. Құқық қорғау органдары бұл жағдайды әділ тергеуге бар күшін салады. Халықтан түрлі арандатушылыққа бой алдырмауды сұраймыз", - деп хабарлады облыс әкімі баспасөз қызметінің басшысы Марина Шаповалова.
Ол сонымен қатар қалалық полиция ғимаратының жанында автокөліктерге өрт қойылғанын растады. Шығын көлемі әзірге белгісіз. Еске сала кетейік, 23 шілде күні кешке жоғалып кеткен бес жасар қыз бейтаныс еркектің пәтерінен табылғаннан кейін қалада тәртіпсіздік басталған болатын.
Қызды бүкіл қаладан іздеді. Бала табылғаннан кейін күдікті тұрып жатқан үйдің қасына бір топ адам жиналды. Адамдар күдіктіні өздері жазалау үшін оны беруді талап етті. Олар барлық пәтердің есігін қағып шығып, тұрғындардың зәресін ұшырған.
Содан кейін адамдар қала әкімдігінің ғимаратына бет алды. Сәтбаев қаласына Ұлттық ұлан күштері тартылды. Қала билігі баланың анасының жанында екенін хабарлады және тұрғындарды арандатушылыққа бой алдырмауға шақырды.
Дереккөз: Sputnik
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!