Батыс Қазақстанда бір күнде үш адам өзенге батып кетті
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қайғылы оқиғаның екеуі Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округінде орын алды.
17:39 27.07.2020
Жексенбі күні сағат 16.45-те Мичурин ауылдық округіне қарасты Асан ауылында Шаған өзенінде құтқарушылармен (4 адам, 1 жүзу құралы, 1 техника) 2002 жылғы тұрғын іздестірілді. 18 фжастағы жігіт достарымен демалған, жеке құтқару құралдары болмаған. Шомылуға жабдықталмаған жерден түскен марқұмның денесін сүңгуірлер сағат 18.10-да алып шықты. Осы күні Мичурин ауылында сағат 17.14-те құтқарушылар (5 адам, 1 жүзу құралы, 1 техника) 1980 жылғы әйелдің денесін Шағаннан шығарды. Марқұм белгісіз жағдайда суға батып кеткен.
Тағы бір оқиға Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылында болды. Құтқарушылар (4 адам, 1 жүзу құралы, 1 техника) сағат 10.33-те Жайық өзенінен 1979 жылғы ер адамның денесін шығарды. Марқұм 26 шілде күні сағат 00.30-да белгісіз жағдайда суға батып кеткен. Ол да достарымен бірге демалып, мас күйінде болған. Өзенге жеке құтқару құралдарынсыз барған. Осылайша өңірде биыл суға кеткендер саны 14-ке жетсе, соның жетеуі – балалар.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!