Фейк емес: Бекшин қаулысы туралы ақпарат рас болып шықты
Қаулыда коронавирус жұқтыру көрсеткіші артып келе жатқаны туралы айтылған.
11:46 03.11.2020
Сондай-ақ, құжатқа сәйкес, тұрғын үйлерде дезинфекция жүргізу қайта қолға алынатын болды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматының бас санитар дәрігерінің 30 қазандағы №2 қаулысы тарады. Дүйсенбі күні Алматының тауарлар мен қызмет сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті бұл жалған ақпарат деген мәлімдеме жасады.
Алайда кешке COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның телеграм-каналы Жандарбек Бекшиннің қаулысына сілтеме жасады. Тиісті құжат Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сайтында жарияланған. Қаулыда Алматыда қыркүйекпен салыстырғанда қазан айында вирус жұқтырғандар саны екі есеге өскені жазылған. 165-тен 360-қа дейін жетіп отыр. Сондай-ақ, індет, негізінен, ұжымдарда, қоғамдық орындарда, көпқабатты үй кіреберісінде, қалалық көлікте таралатыны айтылған. 60 жастан асқан адамдар арасында жиі кездеседі.
Сондықтан тұрғын үйлерде аптасына үш рет дезинфекция жүргізу тапсырылған. Қоғамдық көлікте де бұл жұмыс күшейтіледі. Ғимараттар мен кеңселерде күн сайын тазалап, жуу қарастырылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!