«Асыл арна» телеарнасы жабылады
«Халық арна» ашылғандықтан, «Асыл арна» телеарнасы жабылады.
12:35 07.11.2020
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров айтты.
«ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен биыл 3 қарашада мүфтияттың төл арнасы «Халық арнаның» ашылғанын зор қуанышпен жеткіземін. Діни басқарманың төл арнасын ашу жыл басынан бері қолға алынып келе жатқан іс. Осы бағытта бірқатар жұмыс істелген болатын. «Халық арнаның» мүфтияттың 30 жылдығы қарсаңында ашылуының да мәні бар. Қазіргі уақытта муфтияттың медиа саласындағы әлеуеті жылдан жылға жетіліп келеді. 30 жыл мерзім ішінде «Иман» журналы және «Мұнара» газеті оқырманға жол тартты. Бүгінде ҚМДБ-на қарасты 21 сайт жұмыс істейді. Мүфтият жанынан ашылған «Хикмет» теле-радио студиясы бар. Діни, рухани бағыттағы аудио, видео бөлімдерін жамағатқа 10 жылдан бері ұсынып келеді. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халықтң өтінішімен мүфтияттың медиа саласындағы әлеуетін ескере келе «Халық арна» телеарнасын ашу туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда «Халық арна» өз жұмысын жүргізіп жатыр. Жеке ғимарат, материалдық-техникалық қажеттілікпен жабдықталған. Арна «ОтауТВ» және ІD цифрлық телеарнасы арқылы еліміздің түкпір-түкпіріне таратылып отыр. телеарнаның бас директоры Нұржан Дарқұлов мырза тағайындалды. Ол өз мамандығының білгірі», - дeді ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров.
Оның айтуынша, елімізде бір ғана діни арна жұмыс жүргізуі және ол мүфтияттың иелігінде болуы құптарлық іс екенін айтты.
«Осы ретті «Халық арна» ашылғандықтан «Асыл арна» телеарнасының жабылатынын жеткізгім келеді. Бұл туралы «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхаметжан Тазабеков ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің отырысына келіп мәлімдеді. Тірнектеп жинаған контенттік архивін «Халық арнаға» толық тапсыратынын айтты. «Халық арна» тек діни мазмұндағы телебағдарламалармен шектелмейді. Біз эфир бағытын ислам ислам дінінің дұрыс танымын жеткізу, асыл құндылықтарын дәріптеумен қатар тарихи тағылымдық жағына қазақы салт-дәстүрге басымдық береміз. Эфирді сапалы контентпен толтыру оңай емес. Сол үшін арнайы жобалар мен көрерменнің оынан шығатын бағдарламалар дайындалу барысында», - дейді ол.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!