Шығыс Қазақстанда індет өршіп тұр: премьер-министр тапсырма берді
Қазіргі уақытта республика бойынша коронавируспен ауырғандардың 50%-і Шығыс Қазақстан облысында анықталып отыр.
13:16 08.11.2020
Премьер-министр Асқар Мамин Шығыс Қазақстан облысында COVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандыруды тапсырды. Үкімет басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асқар Мамин Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мәселелері жөнінде селекторлық кеңес өткізді.
Қазіргі уақытта республика бойынша коронавируспен ауырғандардың 50%-і Шығыс Қазақстан облысында анықталып отыр. Ауруды жұқтырғандар саны бойынша облыс қызыл аймаққа кіреді. Өткен аптамен салыстырғанда өңірде ауру жұқтыру 5,4 есеге өсті, күн сайын 350-ден аса науқас тіркеліп отыр, жағдайы ауыр адамдардың саны артты. Инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 23%, реанимациялық төсек-орындар жүктемесі 27,8%-ке жетті. Аса жоғары көрсеткіш Өскемен және Семей қалаларында байқалып отыр.
"Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына жол бермеу, халыққа санитарлық талаптарды түсіндіру және олардың сақталуын бақылау, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті нығайту, медициналық мекемелерді білікті кадрлармен толықтыру үшін жағдай жасау бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!