«Eлес қыз»: БҚО полицейлері тексеріс нәтижесін жариялады
Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі Ханкөлдегі «сары қыздың» елесіне қатысты жүргізілген тексеріс нәтижесін мәлім етті.
14:40 19.11.2020
БҚО полицейлері өңір басшысының және полиция департаменті басшысы міндетін атқарушысының тапсырмасы бойынша жүргізілген ауқымды жұмыстар туралы айтып берді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылының ондаған тұрғыны арасында сауалнама жүргізген, онда олардың елес көрген-көрмегені сұралған. Фактілер расталмады.
Ауылға баратын барлық жолдар видеоға түсірілді. Aталған видеоның Қазақстанға еш қатысы жоқ екендігі жөнінде ақпарат бар. Бұл видео 2019 жылы Ресейдің әлеуметтік желілерінде әлденеше рет таралып, онда түрлі аймақтар көрсетілген. Қаратөбе ауданы полиция бөлімінің бастығы міндетін атқарушы Маман Исағалиевтің айтуынша, видеоның Ханкөл елді мекеніне еш қатысы жоқ. Ол осыдан 11 ай бұрын Youtube каналына Андреевич деген лақап есіммен жүктелгені анықталды.
«Ханкөлден Самара-Шымкент күре жолына дейінгі жол тексерілді. Жол жиегінде тығыз орналасқан тал-теректің жоқтығы да видеоның жалған екендігін дәлелдейді. Сондықтан аудан және ауыл тұрғындарынан жалған ақпаратқа сенбеуді және таратпауды өтінеміз», - деді М.Исағалиев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!