19 жастағы павлодарлық жігіт өзін ұрлап кетті деп өтірік айтқан
Тергеушілерге адам ұрланды деген жалған ақпарат түсіп, олар іздеу жұмыстарын жүргізген.
16:21 19.11.2020
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ер адам 16 қараша күні таңертең Ленин ауылындағы үйінен жұмысқа шығып, жоғалып кеткен. Сол кезде іздеу жұмыстары басталған. Жоғалып кеткен ауыл тұрғыны үйіне қоңырау шалып, өзін ұрлап кеткенін, мәжбүрлеп ұстап отырғанын хабарлаған соң іздеу жұмыстарына қосымша күш қосылды. Кейінірек ол аман-сау табылды. Анықталғандай, ешкім күштеп ұстамаған.
"Ол жедел уәкілдерге сол күні, 16 қарашада, жұмысқа бара жатып, Хромзавод аймағындағы досының үйіне барғанын, қызымен кездескенін айтты. Полиция ер адамды іздеу барысында ол сол үйде жасырынған", - деді журналистерге Павлодар облысының полиция басқармасы бастығының орынбасары Эльдар Әбдікенов.
19 жастағы жігітті ешкім ұстамаған, жас жігіттің денесінде зорлық-зомбылықтың іздері табылмаған.
"Үйдегілерім мені іздеп жатқанын білгенде әйелім және анама мені ұрлап кетті деп өтірік айта салдым. Жауапкершіліктен қорқып, мені ұрлап кетті деп ойдан шығардым", - деп жігіт қатесін мойындады.
Сондай-ақ, ол ешкімге ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!