Талдықорғандағы газ баллон жарылып, бір бала қайтыс болды
Талдықорғанда газ баллон жарылысынан зардап шеккен 14 жастағы бала қайтыс болды.
16:20 30.11.2020
Талдықорған ауруханасында денесінің 98 процентін күйік шалған 14 жасар жасөспірім көз жұмды. Қала маңындағы Еркін елді мекенінде газ баллоны жарылған.
«Қазіргі таңда Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханада жатқан 3 науқастың жағдайы өте ауыр. 2006 жылы туған бала қайтыс болды. Оның денесінің 98 пайызы күйген. Ол сағат 00:45 те жан тапсырды. Ал облыстық ауруханада жатқан екі науқастың жағдайы ауыр. Балалар ауруханасында жатқан 8 және 10 жастағы қыздардың жағдайы орташа ауыр», - деді Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ресми өкілі Ләйлім Әубәкірова.
Айта кетейік, Талдықорғанға қарасты Еркін ауылында газ баллон жарылысынан зардап шеккен 8 адамның 6-ауы жансақтау бөлімінде жатыр. Оларға Алматыдан санавиациямен жетекші травматолог-комбустиолог дәрігер жеткізілді. Төтенше жағдай қызметінің ресми мәліметі бойынша, газ балонымен тұрғын қойдың басын үйтіп жатқан, жөнді жанбаған соң үйдегі пештің жанына баллонды жылытуға қойған. Артынша жарылыс болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!