Қазақстандық студенттер қысқы емтиханды қалай тапсырады
Қазақстандық ЖОО студенттері қысқы сессияны 2020 жылдың соңына дейін тапсыратын болады.
18:33 08.12.2020
Интернет жүйесінің дұрыс болмауына байланысты сессия тапсырмай қоюға немесе уақытын шегеруге болмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов айтты,.
"Сессия негізінен осы жылдың соңына дейін аяқталады. Яғни жаңа жылға дейін барлық студенттер емтихандарын тапсыра алады", - деді вице-министр.
Оқу үлгерімі деген мәселе болмайтынын айтты. Берешегі бар студенттер жазғы семестрге академиялық кредиттерін өткізіп, курстардан өте алады.
"26 қарашадан бастап университеттерде қысқы сессия басталды. Қазіргі уақытта оқу үлгеріміне қатысты нақты талаптар жоқ. Академиялық қарызы бар студенттер академиялық кредиттерін жазғы семестрге аудара алады және курстарын сол жерде оқи алады", - дейді ол.
Мирас Дәуленов интернет байланысы жоқ шалғай ауылдарда тұратын студенттер университеттегі жатақханада тұруға және оқуын жалғастыруға мүмкіндік алғанын атап өтті.
"Интернеті жоқ ауылда тұратын немесе компьютері жоқ студенттерге жатақханада жатып оқуға болатыны туралы ақпарат алдын ала айтылған болатын. Қазіргі уақытта барлық ЖОО-дағы жатақханалар штаттық режимде жұмыс істейді. Семестрдің басында жатақханаларда 15 мыңға жуық студент жатса, қазіргі кезде 7 мың студент тұрып жатыр. Бұл – интернеті жоқ, шалғай ауылда тұратын студенттер", - дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.
Сондай-ақ, ол интернет жүйесінің дұрыс болмауына байланысты сессия тапсырмай қоюға немесе уақытын шегеруге болмайтынын айтты.
"Интернетке қатысты мәселе болса жатақханада жатып оқуға болатынын алдын ала ескерткенбіз, сондықтан оны сылтау етіп сессияны кейінге шегеруге болмайды. Қашықтан оқитын студенттер үшін сессия да қашықтан өтеді. Көптеген емтихан антиплагиат жүйесін қолдана отырып жүзеге асады. Соңғы 5 жылда жоғары оқу орындары антиплагиатқа қатысты әртүрлі жүйелерді қолданып келеді, сондықтан бұл студенттер үшін жаңалық емес", - дейді ол.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!