Сенат жаңа Экологиялық кодексті қабылдады
Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексі екі оқылымда қаралып, қабылданды.
15:48 21.12.2020
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, «Ластаушы төлейді» қағидатының негізіне ластануды болдырмау мен бақылау бойынша іс-шаралары жатады. Сонымен қатар, қоршаған ортаға тиген залалды қалпына келтіруге қатысты жауапкершілік қарастырылған. Осылайша, мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлеудің орнына қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау жөніндегі барлық шараларды қабылдау тиімдірек болатындай жағдай жасауы тиіс. Бұдан басқа, экологиялық залал орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқыда болған қалпына келтіруге міндетті.
«Ең озық қолжетімді технологияларды енгізеді деген шартпен бірінші санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу ұсынылады. Сондай-ақ жаңадан іске қосылатын кәсіпорындар үшін кешенді экологиялық рұқсаттар алу міндеттілігі қарастырылды. Ең озық қолжетімді технологияларды енгізудің арқасында еліміздегі экологиялых ахуал жақсарады. Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларына қатысты 50 ірі кәсіпорынды ең озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған. Айта кетерлік, осы 50 кәсіпорынға жалпы ластанудың 80 пайызы тиесілі», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Кодекстің жобасында бірінші санаттағы ірі кәсіпорындарға қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалауды өту туралы талап қарастырылды. Олардың тізбесі қайта қаралды және негізінен экологиялық қауіпті объектілерге баса назар аударылатын болады.
Екінші оқылымда талқылау кезінде сенатор Әбдәлі Нұралиев қаралып отырған Экологиялық кодекс қоршаған ортаны қорғауда оң нәтижеге алып келетінін айтты. Кодекс жобасы экологиялық заңнаманы жетілдіру және жаңарту, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдаланушылардың қызметін экологиялық реттеудің тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.
Сонымен қатар, ілеспе заң жобаларына толықтырулар енгізілгендіктен, құжаттар Мәжіліске қайтарылды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!