Келесі жылы қандай заң жобалары әзірленеді
Бекетаевтың айтуынша, заң жобалары халықтың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешуге, мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысуын кеңейтуге бағытталады.
12:00 22.12.2020
2021 жылы үкімет парламентке 25 заң жобасын енгізеді. Олардың ішінде "Қоғамдық бақылау туралы", "Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігі туралы" заң жобалары бар. Әділет министрлігі заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиямен бірлесіп, мемлекеттік органдардың ұсыныстарымен үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспар жобасын дайындады. Бұл туралы ведомство басшысы Марат Бекетаев мәлімдеді.
Жоспар жобасында 25 заң жобасын әзірлеу көзделген. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында парламентке 13 заң жобасын, ал екінші жартыжылдығында 12 заң жобасын енгізу жоспарланып отыр.
"Алдағы жылы "Қоғамдық бақылау туралы", "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы", "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" және "Әскери полиция органдары туралы" жаңа заң жобалары әзірленеді", – деді министр Бекетаев үкімет отырысында.
Ол жоспарда көзделген заң жобалары халықтың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін шешуге, мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысуын кеңейтуге, сондай-ақ жекелеген салалардағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!