2023 жылдың 1 қаңтарынан азаматтарды дактилоскопиялық тіркеу басталады
Қазақстан азаматтары паспорт немесе жеке куәлік алған кезде ғана дактилоскопиялық тіркеу процедурасынан өтеді.
10:03 04.01.2021
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтарды дактилоскопиялық тіркеу басталады, деп хабарлады Қазақстанның ішкі істер министрлігі. 2021 жылдан басталуы тиіс дактилоскопиялық тіркеу (саусақ ізін алу – Sputnik) елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2023 жылға ауыстырылды.
"Коронавирус пандемиясына және COVID-19 індетіне жасалған болжамдарға байланысты азаматтарды дактилоскопиялық тіркеу 2023 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Тиісті өзгерістер "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" заңға енгізіледі", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп дактилоскопиялық тіркеуді 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру туралы ұсыныс жасаған болатын. Министрлік "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының заңы сонау 2016 жылдың желтоқсанында қабылданғанын және 2021 жылдың 1 қаңтарында күшіне енуі тиіс болғанын еске салды. Алайда заңның кейбір нормалары қайта қаралды.
Азаматтар он алты жасқа толуына байланысты паспорт немесе жеке куәлік алғанда, сондай-ақ мерзімі аяқталып немесе жоғалуына байланысты құжаттарын ауыстырған кезде ғана дактилоскопиялық тіркеуден өтеді.
Дереккөз: sputnik
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!