Елімізде бес вице-министрге қылмыстық іс қозғалды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Қазақстанда бес вице-министрге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
12:02 29.01.2021
Алик Шпекбаев мәліметінше, 2020 жылы түрлі дәрежедегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
"722 адам сотталды, оның ішінде бір облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, 2 жауапты хатшы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья, 10 аудан әкімі және олардың орынбасарлары. 5 вице-министр мен 5 комитет төрағасы мен олардың орынбасарларына, сонымен қоса квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджеріне қатысты қылмыстық істер тергелуде", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.
Ведомство былтыр 25 аса ауыр және 1 368 ауыр қылмыстың, сондай-ақ жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 112 фактісінің алдын алған. Сотта ұйымдасқан қылмыстық топтарды (ҰҚТ) құру фактілері бойынша төрт іс қаралып жатыр, деп жазады stan.kz. Бұдан басқа, Шпекбаевтың айтуынша, "Астана LRT" құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша бірқатар лауазымды тұлға мен мердігерлерге қатысты іс сотқа жолданды.
"СҚ-Фармация" басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты тергеу аяқталды. БТА банктің ісі бойынша 12 млрд теңгеден астам залал өтелді. Тағы 6,4 млрд теңге "Азық-түлік корпорациясы» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасына қатысты қылмыстық іс аясында өтелді", - деді агенттік басшысы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!