Министр Цой коронавирусқа қатысты үндеу жасады
Министр қыркүйек пен қаңтар аралығында коронавирустың жаңа штамдары анықталмағанын жеткізді.
10:51 12.03.2021
Алайда халықаралық әуе қатынасы қайта ашылғанын ескеру керек. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтарға үндеу жолдап, алдағы мерекелік демалыстар кезінде барынша абай болуға шақырды.
"Құрметті қазақстандықтар! Мерекелік демалыс күндері қарсаңында маңызды бір мәселені еске салғым келеді, күз бен көктемде жіті респираторлық вирустық инфекция (риновирус, аденовирус, парагрипп вирус және басқалары) асқынады. Қазір ЖРВИ маусымы жалғасуда, сондықтан сырқаттану қаупі сейілген жоқ", - деп жазды Цой Facebook парақшасында.
Министр қыркүйек пен қаңтар аралығында коронавирустың жаңа штамдары анықталмағанын жеткізді. Алайда халықаралық әуе қатынасы қайта ашылғанын, сондай-ақ, жақын және алыс шетелден келетін адамдардың қатары көбейгенін ескерген жөн. Ондайда коронавирус инфекциясының жаңа штамдарын тасымалдау қаупі артады. Ал шектеу шараларының жеңілдетілуі коронавирус инфекциясының таралу қаупін үдетуі мүмкін.
Осы орайда Цой америкалық және ресейлік ғалымдардың ғылыми зерттеулерін мысалға келтірді. Оған сәйкес, коронавирус инфекциясымен ауырып шыққандардың тек 10-15 процентінде ғана тұрақты иммунитет қалыптасқан.
"COVID-19 жұқтырған науқастарда иммунитет пациенттің жасына қарай қалыптасады: иммунитет балаларда жақсы дамиды - кәмелетке толмағандар арасында иммунитет шамамен 20% болады. 18-ден асқан адамдарда -14%, 65 жастан асқандарда -11%. 40%-нде иммунитет өте әлсіз және инфекция қайталанғанда көмектесе алмайды", - дейді министр.
Бүгінде иммунитеттің сақталу ұзақтығына қатысты ғылыми тұрғыда дәлелденген дерек жоқ. Сондықтан COVID-19-дан сауыққан адамдарда ауруды қайта жұқтыру мүмкіндігі күн сайын артып келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!