Қар көшкінінен үш адам қаза тапты
Тәжікстанның Соғды облысы Айни ауданында қар көшкіні болып, үш адам қаза болды.
15:45 12.03.2021
Бұл туралы елдің төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Мекеме мәліметіне қарағанда, апат 10 наурыз күні кешкісін "Кооперация 19" атты тәжік-қытай бірлескен компаниясына жақын маңда болған. Апаттан аталған компанияда істеген тәжікстандық үш азамат қайтыс болған. Құтқарушылар олардың денесін қардан алып шығып, туғандарына берді.
"Апат аймаққа тұман түсіп, қар жауып жатқанда болған. Мұндай ауа райына қарамастан жұмысшыларды жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Жұмыс аяқталғаннан кейін оларға көлік жібермеген. Олар жаяу келуге мәжбүр болған. Қар көшкіні бес адамды басып қалып, екеуі аман қалған", - деді компанияның аты-жөнін айтқысы келмеген өкілі.
Апат болған аймақта Қытайдың TBEA компаниясына тиесілі алтын кені орналасқан. Ол қытайлық компанияға Душанбедегі жылу электр станциясын салып бергені үшін өткен.
"Бұл кен TBEA компаниясына тиесілі, бірақ жұмысты тәжік-қытай бірлескен "Кооперация 19" компаниясы атқарады. Компания басшыларының салғырттығынан жұмысшылар көз жұмды. Олар үнемі жұмысшыларды істемесеңдер шығарамыз деп қорқытады", - деді компания өкілі.
Апта басында Душанбеде үкімет үйін салып жатқан тәжікстандық азаматтар да қытайлық жұмыс берушілердің әрекетіне шағымданған. Оған дейін "Покруд" алтын кенінде істеген жұмысшылар тобы да еңбек шарттарына арызданған. Өлкенің еңбек министрлігі жұмысшылар ресми түрде арыз жазбағанын айтып, өтінішсіз компанияларға тексеру жүргізе алмайтынын жеткізген.
Дереккөз: centralasian.org
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!