Вице-министр кімдер колледжде тегін оқи алатынын айтты
Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова жастарды техникалық және кәсіптік біліммен қамтуға бағытталған жұмыс туралы баяндады.
15:16 16.03.2021
Айтуынша, жыл сайын 9-сынып түлектерінің 30%-і және 11-сынып бітіргендердің 50%-тен астамы ақылы оқуға түседі.
"Біз жастарды техникалық және кәсіптік біліммен қамтуды кеңейтуіміз қажет. Бұл бағыттағы жұмыс 2017 жылдан бері жүргізіледі, 300 мыңға жуық адам алғашқы жұмысшы мамандығына тегін оқыды. Біз аудандық және қалалық әкімдіктермен бірлесіп, сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамтуға кезең-кезеңмен көшуді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыс көлемін 20 мыңнан 50 мың орынға дейін ұлғайту көзделуде", - деді Асылова мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында.
Ол бірінші кезекте 9-сынып түлектерін колледждерде тегін оқумен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұған дейін 2021 жылы техникалық және кәсіптік білім беру саласында айтарлықтай өзгерістер болатыны хабарланды.
Колледждердің білім бағдарламалары кәсіптік стандарттар мен еңбек нарығының талаптары негізінде жұмыс берушілермен бірлесіп жаңартылады. Тиісінше колледждер студенттерді оқыту мерзімін өздері белгілей алады. Мысалы, колледжге 9-сыныптан кейін түскен студенттер бұрынғыдай 3,6 жыл емес, екі жыл ғана оқиды. Ал 11-сыныптан кейін түссе, 2,6 жыл емес, бір жарым жыл оқиды. Гранттар саны да кезең-кезеңмен артады.
Дереккөз: Sputnik
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!