Алматыда коронавирус жұқтырған 13 адамның жағдайы өте ауыр
Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев айтты.
16:24 16.03.2021
Бүгінгі күні Алматыда коронавирус инфекцияның 297 жағдайы тіркелді. Стационарлық емдеуде 1 239 адам жатыр. Оның 64-і – бала. Ересек 13 науқастың жағдайы өте ауыр, 131-і ауыр, 1095-і орташа ауыр күйде. Нариман Табынбаевтың мәліметінше, өткен тәулікте коронавирустан 143 адам сауығып шықты.
«Қазір қала бойынша 7011 инфекциялық төсек-орын, оның ішінде 250 реанимациялық орын бар. Пандемия басталған уақытта Алматыда 500 төсек-орны бар 2 инфекциялық стационар жұмыс істеді. 2020 жылдың шілде айында Алматының 27 медициналық ұйымы КВИ-мен ауыратын науқастарға стационарлық көмек көрсетті. Сонымен қатар, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының шешімімен 280 төсек-орынға арналған И.С. Жекенов атындағы модульдік клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы, содан кейін 300 төсек-орынға Балалар қалалық модульдік клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы және 500 орынды РВ-90 инфекциялық ауруханасының екінші филиалы пайдалануға берілді», - дейді Алматының бас дәрігері.
Сонымен қатар, ол КВИ және пневмониямен ауырған пациенттерді емдейтін ұйымдар медициналық оттегімен 100% қамтамасыз етілгенін жеткізді.
«6 стационарда оттегі газдандыру станциялары салынды, біз тағы 12 станцияны пайдалануға беруге дайындап жатырмыз. Осылайша, бірінші деңгейлі инфекциялық ауруханалардың жансақтау және реанимация бөлімшелерін оттегі жабдықтарымен толық қамтамасыз ету жүзеге асырылды.Консервацияда ауырлығы жеңіл дәрежедегі пациенттерді емдеу үшін сыйымдылығы 1000 пациентке дейін қайта жабдықталған «Халық Арена» спорт кешені орналасқан», - деп қосты Нариман Табынбаев.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!