{metadescription}
Түркістандық тұрғын жол ортасында адамды пышақтап өлтірді

Түркістандық тұрғын жол ортасында адамды пышақтап өлтірді

Түркістан облысында ер адам көлігінде бірге отырған жолаушыны сыртқа шығарып, көшенің қақ ортасында пышақтаған.

Оқиға наурыздың 12-сінен 13-іне қараған түні сағат 23:30 шамасында болған. Күдікті Кентау қаласының жергілікті тұрғыны және бұрын сотты болғаны анықталды. Ол жолаушы ретінде көлігінің артқы жағында отырған жігітті жол бойына шығарып алып, мойнынан пышақ сұққан. Жарақаттанған жігіт, ауруханада көз жұмды.

Қазіргі таңда күдікті қамауда, оған қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтiру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Түркістан облысы Полиция департаментінің Instagram-дағы ресми парақшасына Түркістан қаласының тұрғыны жүгініп, Нұрлан есімді полиция қызметкерінің батырлық әрекетіне куә болғанын, сол үшін оған алғыс айтқысы келетінін жеткізген. Анықталғандай, қала тұрғыны түнгі уақытта Түркістаннан Кентау қаласына өз көлігімен кетіп бара жатқанда жол бойында жиналып тұрған бір топ адамдарды көрген.

«Жол-көлік оқиғасы болды ма, адамдар неге жиналып тұр деп мен де тоқтап, жақындадым. Бір жігіт жолдың ортасында екінші бір жігіттің мойнына пышақ сұғып, үстіне отырып алып, жібермей тұр екен. Сол жерде тұрған басқа да куәгерлермен бірге екеуін ажыратпақшы болып, жәбірленушіні құтқарғымыз келіп жақындай бергенімізде, қолындағы пышағын бізге сермеп, «жақындасаңдар барлығыңды өлтіремін» деп маңына да жолатпады. Қорыққанымыздан не істерімізді білмей қалдық. Полиция мен жедел жәрдемге хабар бердік.

Сол сәтте біздің жанымызға көлік келіп тоқтады да, ішінен бір полиция қызметкері атып шықты. Жүгіріп барып, қылмыскердің қолынан шап беріп, пышағын алып, оның қарсыласқанына қарамастан, қолын қайырды. Осылайша көз алдымызда біз дауаламай тұрған оқиғаны бірден тоқтатты. Сәлден соң басқа да полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем келді. Біз бірнеше адамдар сол кезде өз-өзімізге әрең келіп, полицейдің қолын қысып, рақмет айттық», - деп жазды оқиғаға куә болған түркістандық.

Оның айтуынша, адамдар батыл полицейдің есімін ғана сұрап үлгерген.

«Осы бір оқиға көз алдымда болғандықтан полицейдің жасаған іс-әрекеті үшін оны қалай да тауып, ризашылығымды жеткізуім керек деп ойладым. Осы сәтте ҚР ІІМ-не осындай батыр полицейлерді жұмысқа алып, тәрбиелегендері үшін алғыс айтамын. Нұрлан сияқты полицейлер көп болсын!», - дейді қала тұрғыны.

Осы хаттан кейін Полиция департаментінің қызметкерлері оқиға куәгеріне парақшаға қалдырған телефон нөмірі бойынша хабарласқан. Мәлім болғандай, қылмыскерді құрықтаған полицей – Кентау қалалық полиция бөлімінің учаскелік қызметкері, майор Нұрлан Әбдиев. Н.Әбдиевтің сөзінше, барлығы қас-қағым сәтте болған.

«Учаскелік полицей болғандықтан сол күні түнгі шақыртудан шығып, қызмет бабымен әріптесім – учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Біржан Әбубәкірмен бірге Түркістан қаласына кетіп бара жатқан едік. Қарасақ, жолдың ортасында адамдар жиналып тұр, жанында көлік тоқтап тұр екен. Анықтап қарасам, белгісіз бір азамат қолында пышағы бар, екінші бір жігіттің үстіне шығып алып, жібермей тұр. Бергі жағында адамдар жақындай алмай үрейленіп тұр екен. Көлік тоқтай салысымен бірден түстім де, қылмыскердің сөзін тыңдамастан бірнеше әдіс-тәсілімді қолданып, әркез шынығып жүргеннің арқасында оны құрықтап үлгердім. Басқа да куәгерлерге зиянын тигізбесін деп әріптестерім келгенше ұстап отырдым. Күдіктінің қолына кісен салып, полиция бөліміне жеткіздік. Сол сәтте куәгерлер келіп қолымды қысып, алғыс айтты. Бірақ мен бұл әрекетімді батырлық деп есептемеймін, мен тек өз қызметімді атқардым. Бізді қызметке алғаш қабылдағанда «Сендер жұмыста болсаңдар да, болмасаңдар да, қылмыс орын алса, сол сәтте тиісті әрекетті жасап, оқиғаның өршімеуіне ықпал етулерің керек. Өйткені сендер полицейсіңдер» деп үйреткен. Сондықтан мен өз міндетімді атқардым», - дейді полиция қызметкері.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде