Білім министрлігі 8 ЖОО-ның қызметін тексереді
Білім министрлігі 8 жоғары оқу орнының қызметін тексереді.
12:55 19.03.2021
Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жауабында айтылған.
«2020 жылғы желтоқсаннан бастап, жоғары оқу орындарының коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға қайта ұйымдастырылуының аясында министрлік ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарымен бірлесіп, олардың есебін ретке келтіру, Жер кодексінің талаптарына сәйкес келтіру, жоғары оқу орындарының жылжымайтын мүлік объектілері туралы мәліметтерді мемлекеттік органдардың деректерімен біріздендіру мақсатында жер учаскелерін қоса алғанда, барлық жылжымайтын мүлік объектілерін түгендеу бойынша жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, осы жылы министрлік сегіз жоғары оқу орнының қызметін тексеруді жоспарлап отыр, оның барысында олардың активтерінің жайкүйі тексерілетін болады», - деді министр.
Оның атап өтуінше, министрлік мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органда келісудегі жылжымайтын мүлікті, оның ішінде жер учаскелерін иеліктен шығару мәселелерін Директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызу бөлігінде ЖОО Жарғыларына өзгерістер енгізу мәселесін пысықтаған. Бұл бақылауды күшейтуге және жоғары оқу орындарының активтерін қандай да бір иеліктен шығарудың алдын алуға мүмкіндік береді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Жоғары оқу орындарының Директорлар кеңестері корпоративтік шешімдер қабылдау кезінде ашықтықты қамтамасыз ету үшін құрылғанын атап өткен жөн. Директорлар кеңесінің құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, білім беру саласының көрнекті қайраткерлері және тәуелсіз сарапшылар енгізілген. Осы мақсатта конкурстық рәсімдер өткізу арқылы жоғары оқу орындарының ректорларын тағайындаудың ашық жүйесі енгізілді. Жалпы, жоғары оқу орындары қызметінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру мәселелері министрліктің тұрақты бақылауында», - деді Асхат Аймағамбетов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!