6 мың жыл бойы қозғалыссыз жатқан жанартау оянды
Исландияның оңтүстік-батысындағы Рейкьянес түбегінде 6 мың жыл бойы қозғалыссыз болған Фаградальсфьядль жанартауы атқылай бастады.
10:38 21.03.2021
Исландияның метеорологиялық басқармасының мәліметінше, лава оңтүстік-батыс және батысқа қарай баяу ағып келеді. Оның Гриндавика тұрғындарына немесе аса маңызды инфрақұрылым үшін тікелей қаупі жоқ. Дегенмен, метеорологтар халықты лай көшкіндері жөнінде ескертуде.
«Ауаның жанартау газымен ластануы болжанады. Адамдарға терезелерді жабу, үйден шықпау және ешбір жағдайда жанартау маңына бармау кеңес етілуде. Қазіргі уақытта атмосфералық ауаның ластану деңгейі бағалануда. Жағалау күзетінің тікұшағы аумақты зерделеу үшін жіберілді. Оның бортынан алғашқы фотолар жасалды. Олардан жанартау атқылағаннан кейін лаваның төмен сырғып бара жатқанын көруге болады. Алғашқы мәліметтер бойынша, жанартау жарығының ұзындығы – 500 метр», - деп жазады ВВС.
Рейтерстің хабарлауынша, соңғы төрт аптада бұл аумақта 40 мыңнан астам әлсіз жер сілкінісі тіркелді. Бұл – көп. Өйткені 2014 жылдан бері жыл сайын 1 - 3 мың жерасты дүмпуі тіркеліп келеді. Фаградальсфьядль – Исландияның оңтүстік-батысында Рейкьянес түбегінің орталығында орналасқан жанартау тауы. Оның биіктігі - теңіз деңгейінен 385 метр. Айналасында тұратын халық саны аз. Рейкьянес түбегінде жанартау соңғы рет 800 жыл бұрын, ал Фаградальсфьядль жанартауы 6 мыңға жуық жыл бұрын атқылаған.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!