Сәуірде елордалықтарды жаппай вакцинациялау басталады
Нұр-Сұлтанда КВИ індетіне қарсы жаппай вакцина салу сәуір айында басталады.
13:43 26.03.2021
"Нұр-Сұлтан қаласындағы CОVІD-19 инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда, эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша 17-ші күні "қызыл аймақта" тұр. Күніне 150-ден 280-ге дейін жағдай тіркеледі. Соңғы аптада сырқаттанушылық деңгейі алдыңғы аптамен салыстырғанда бірдей деңгейде, 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш - 121,1 -ді құрады. Репродуктивті саны - 0,92", - деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша жыл басынан бері елордада коронавирус сырқатына шалдыққандар саны 10 мыңнан асты.
"Осы мерекелік аптада науқастармен байланыста болғандар саны 10% - ға өсті, яғни 500-ден 735 адамға дейін, бұл қала тұрғындарының карантиндік шараларды, оның ішінде үй карантин режимін сақтамағанын көрсетеді. Сонымен қатар, өткен аптамен салыстырғанда балалар арасында аурудың 1,6 есеге, яғни 210-нан 339-ға дейін өсуі байқалады", - дейді ол.
Одан бөлек, басқарма басшысы астаналықтарды жаппай вакцинациялауға қатысты пікір білдірді.
"Сәуір айының екінші жартысынан бастап халықты жаппай вакцинациялау басталады. Ол тегін және емханалар арқылы жүзеге асырылады. Тұрғындарды вакцина алуға өзіміз шақырамыз, сондай-ақ, вакцинациялауды қоғамдық орындарда жүргізуіміз де мүмкін. Бұл сұрақ қазіргі уақытта талқыланып жатыр. Вакцина 647 мың адамға салынады, бұл елорда халқының 60 пайызы. Бұл 1 айдың жұмысы емес, вакцина кезең бойынша жеткізіледі және егіледі. Айына 100 мың адамға екпе егу жоспарланып отыр",- деді Тимур Мұратов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!