Төртінші тоқсанда оқушылар аралас форматта оқиды
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова ОКҚ алаңында өткен брифингте IV тоқсандағы оқу форматы қалай басталатыны туралы айтып берді.
16:01 26.03.2021
ІІІ тоқсанда қазақстандық мектептерде 2,3 млн оқушы немесе олардың 66%-ы дәстүрлі (аралас) форматта аяқтады. Оқушылардың 1,1 млн-ы (34%) қашықтан оқыды.
«ІV тоқсанды бастауға қатысты мәселе Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралып, кеше – 25 наурызда еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысы қабылданды. ІV тоқсанда оқыту форматы өңір тәуекелі төмен немесе орташа аймақтарда болған жағдайда барлық оқушы мектепте аралас форматта оқуға көшеді», - дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.
Оның айтуынша, 300-ге дейінгі оқушы бар мектептер жұмысын әрі қарай дәстүрлі форматта жалғастырады. IV тоқсан форматына ауысқан кезде «бір оқушы-бір кабинет» принципі сақталып, оқушылардың саны әр сыныпта 25-тен аспауы қарастырылған. Әр сабақ 40 минуттан болады.
«Оқушылардың білім сапасындағы олқылықтарды толтыру бойынша жұмыс та жалғасады. Науқастанып қалған немесе науқастармен байланыста болған кейбір ерекше жағдайда ата-ананың өтініші негізінде бала қашықтан оқу форматында қала алады», - дейді ол.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!