Елорданың қақ ортасында болған төбелес видеоға түсірілді
Нұр-Сұлтанда "Газель" мен "Мерседес" жүргізушілері қаланың қақ ортасында төбелесіп қалды.
14:40 16.04.2021
Әлеуметтік желіде оқиға орнында түсірілген видео тарап кетті. Видеода "Газель" көлігінен шыққан екі жігіттің бір адамға жабылып жатқанын көруге болады. Бірақ "Мерседестің" жүргізушісі екеуін тоқтата білді. Ал екінші видеода жүк көлігінің жолаушысы жүгіріп келіп, оны шықшыттан ұрып құлатады. Осы кезде "Газель" жүргізушісі келіп, төбелесті тоқтатады. Басқа көлік жүргізушілері де араша түседі. Төбелес Бөгенбай батыр мен Сарыарқа даңғылының қиылысында болған.
Астаналық полицейлер әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде тәртіп бұзушылықты тіркеуге алып, төбелеске қатысқандардың бәрін анықтады. Жанжалдың себебі де белгілі болды. Көлік жүргізушілері бір-біріне жол бермей, ерсі ишарат көрсеткен. Оның арты жанжалға ұласқан.
"Қазіргі кезде "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті көлік жүргізушілерін қоғамдық тәртіпті бұзбауға және жол қозғалысына кедергі жасамауға шақырады", - дейді полицейлер.
Айта кетейік, бұзақылық әрекеті үшін 2 000 айлық есептiк көрсеткiшке (5 834 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады, я болмаса, сол мөлшерде түзеу жүмыстары не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға жібереді. Оған да келіспесе, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Дереккөз: Sputnik
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!