Диетологтар салмақ тастауға көмектесетін жемісті атады
Америкалық диетологтар мен дұрыс тамақтану саласындағы мамандар салмақ жоғалтуға көмектесетін жеміс ретінде ананасты атады.
21:00 29.06.2021
Бұл туралы Women’s Health журналы жазды. Диетолог және дұрыс тамақтану туралы платформаның негізін қалаушы Ванесса Риссетто жемістің құрамында аз калория бар екенін айтады. 100 граммда бар-жоғы 52 килокалория бар. Алайда, төмен көмірсулы диетада отырғандар тәулігіне көмірсу нормасынан аспау үшін ананасты сақтықпен жеуі керек. Дәрігердің айтуынша, ананаста бромелайн ферменті бар. Ол ақуызды ыдыратып, кейбір қоректік заттардың жақсы сіңуіне көмектеседі.
"Бромелайн майды кетіруге көмектеседі. Өйткені ол ақуыздарды аминқышқылдарына бөліп, денеге майдан қуат алуға көмектеседі", - дейді диетолог.
Сонымен қатар, диетолог Кери Ганс жеміс құрамында жасұнықтың (клетчатка) көп екенін жеткізді.
"Жасұнық ағзада баяу қорытылады және тоқтық сезімін сақтауға көмектеседі. Бұл салмақ жоғалту үшін өте маңызды. Ананастағы жасұнық ас қорытуды жақсартады және табиғи іш жүргізу құралы десе де болады", - дейді ол.
Ананас 86 пайыз судан тұратындықтан, ол жақсы ылғалдандырады. Сондай-ақ, жеміс марганецке бай – ағзаның қалыпты жұмыс істеуі үшін қоректік затқа толы. Риссетто марганец майлар мен көмірсулардың метаболизмін реттеуге көмектесетінін түсіндірді. C, B1, B2, B3 және B6 дәрумендерінің жоғары мөлшері иммундық жүйені нығайтады және микроб, вирустармен күресуге көмектеседі. Диетологтар салмақ жоғалту кезінде тек ананасқа қана үміт артудың қажеті жоғын жеткізді.
"Барлық жемістер салмақ жоғалту үшін пайдалы бола алады. Егер сіз жеген асыңыздың мөлшерін бақыласаңыз. Тәтті жемістер (оның ішінде ананас) торт немесе печенье сияқты тәтті нәрсені жеуге деген құлшынысты қанағаттандыра алады", - деп қорытындылады Ганс.
Дереккөз: Stan.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!