Қостанай облысында 2 жасар бала құдыққа құлап кеткен
Оқиға 10 тамызда сағат 17:25-те Қостанай облысы Садчиковка ауылында болған.
12:23 11.08.2021
Бұл туралы Қазақстан ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
«Бала 3.5 метр тереңдікте кептеліп қалған. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар алдымен бала дем алып жатқанына көз жеткізген. Олар жедел түрде шұңқырға оттегін жіберіп, баланы шығарып алу мақсатында ұңғыманың жанынан тағы шұңқыр қазған. Құтқарушылар шұңқырдан қолы ғана көрініп тұрған баланы арқанның көмегімен шығарып алды», - делінген ТЖМ хабарламасында.
Құтқару операциясына 9 құтқарушы мен 2 техника жұмылдырылды. Көмекке жергілікті ауыл тұрғындары да келген. Баланы құтқару жұмыстары сағат 19:20-да аяқталды.
ТЖМ ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді. Төтенше жағдай туындаған кезде «112» немесе «101» нөміріне қоңырау шалу керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!