Атбасар тұрғыны үйінде криптовалюта шығарумен айналысқан
Атбасар тұрғыны үйінде криптовалюта шығарумен айналысқан. Бұл туралы «Құқықтық тәртіп» алдын алу шарасы барысында айтылды.
12:24 25.04.2022
Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылғы сәуірдің 24-інде Атбасар аудандық Полиция бөлімінің полиция қызметкерлері Атбасар қаласының 29 жастағы тұрғынының үйінен криптовалюта жасайтын жабдықтарды тапты. Оның ішінде 2 дана жұмыс істеп тұрған айтмайнер арнайы жабдығы, сондай-ақ, айтмайнерге қажетті 9 дана жабдық және өзге де қосалқы техникалар бар.
«Табылған жабдықтардың иесі бағдарламашы – 29 жастағы жергілікті тұрғын. Ер адамның үйінде криптовалюта жасап келе жатқандығына 3 ай болған. Қазіргі кезде, осыған байланысты іс материалдары мемлекеттік кірістер басқармасына әкімшілік хаттама толтыру үшін жолданды», - деді ведомстводан.
Айта кетсек, қызметтің осы түрі (майнинг) бойынша 2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасында төлемақы (цифрлық майнинг үшін төлемақы) алынады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!