Нұра су құбыры 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен қайта жаңғыртылады
2025 жылға дейін тозығы жеткен Нұра топтық су құбырын кезең-кезеңмен қайта жаңғырту жоспарлануда.
12:41 28.04.2022
Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Көкшетау және Степногор қалаларында кәріз-тазарту станцияларының 90 пайызы тозған, күрделі жөндеуді немесе толық ауыстыруды қажет етеді. Биологиялық тазарту нысандары Целиноград ауданының Қосшы және Ақмол кенттерінде және Щучинск қаласында ғана іске қосылған.
«Облыс әкімдігі тарапынан белгілі бір жұмыстар жүргізілуде. 2020 жылы Державинск қаласында кәріз-тазарту станция қайта құрылды. Бурабай ауданында жаңа кәріз-тазарту станциясының құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы Ақмола облысында ауыз сумен қамту бойынша екі нысанның құрылысы аяқталды. Макинск топтық су құбыры пайдалануға берілді. Соны арқасында 18 мың халқы бар қаланы сумен жабдықтау жақсарды. Сондай-ақ, ұзындығы 16 км Нұра топтық су құбырының 9 апатты учаскесін реконструкциялау аяқталды. 2025 жылға дейін тозығы жеткен Нұра топтық су құбырын кезең - кезеңмен қайта жаңғырту жоспарланып отыр», - деді Көкшетауда журналистермен өткен брифингіде ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев.
Айта кетсек, Біржан сал ауданында ПХД-қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!