Павлодарда есірткі тасымалдаған ер адам ұсталды
Павлодарда есірткінің ірі партиясын қабылдап, оны жасырын орындарға орап салған 32 жастағы ер адам ұсталды.
10:23 17.05.2022
«Павлодар облысы ІІД Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесінің жедел қызметкерлері ақша табу мақсатында заңсыз заттарды сатып алушымен тікелей кездеспейтін тәсілмен таратқан 32 жастағы наркокурьерді ұстады», - деп хабарлады тілшілерге Павлодар облыстық полиция департаментінен.
Тәртіп сақшылары ер адамның тұрғылықты жерін тексеру кезінде салмағы 700 грамнан асатын кристалды заттарды анықтады, деп атап өтті ведомстводан. Кейінірек қоймадан тағы 390 грамм есірткі тәркіленген.
«Сараптама тәркіленген зат жалпы салмағы бір келіден асатын синтетикалық есірткі екенін анықтады», - деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Ведомство мәліметінше, ер адам аймақтық курьер және есірткі қоймасының ораушысы болған. Ол аса ірі көлемдегі есірткі заттарын қабылдап, кейін жасырын орындарға орап салып жүрген. Тәркіленген есірткінің бір келісі 5 мыңнан астам бір реттік дозаны құрайды.
«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 297-бабының 3-бөлімі (Есірткі, психотропты немесе оларға ұқсас заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдікті Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп толықтырды департаменттен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!