Бір жылда баға 13,2 пайызға өсті - Ұлттық банк
Сәуір айында тұтыну бағаларының айлық өсімі 2% құрап, жылдық инфляция 13,2% дейін жеделдеді.
20:08 17.05.2022
Инфляцияның барлық компоненті бойынша бағаның өсу қарқыны жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ұлттық банк.
Сәуір қорытындысы бойынша тұтыну бағалары 2%-ға өсті, бұл 2000 жылдан осы айға дейінгі аралықта ең жоғары көрсеткіш болды.
Бағаның жылдық өсімі 13,2%-ға дейін (2022 жылғы наурызда – 12%) жеделдеді.
Азық-түлік инфляциясы 2022 жылғы сәуірде жылдық мәнде 17,9%-ға дейін (2022 жылғы наурызда – 15,4%) жеделдеді.
Ұн-жарма өнеркәсібі өнімдерін өндірушілердің қоры қысқарып, әлемдік баға өскен тұста нан-тоқаш өнімдері мен жарма түрлеріне бағаның өсуі 2021 жылғы қарашадан бері жалғасып келеді.
Сәуір айында өндірушілер бағасының өсуі себебінен ет пен сүт бағасы тез шарықтады.
Осы жылдың наурыз айында қант бағасы едәуір өскен соң биыл сәуір айында сақталып отырған жоғары сұраныс пен өндірістің төмендеуі аясында бағаның қалдық өсуі байқалды.
Жеміс пен көкөністің де бағасы тоқтаусыз өсті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсу қарқыны осы жылдың сәуір айында 11,1%-ға дейін (2022 жылғы наурызда – 10,9%) жеделдеді.
Импорттық баға өскесін дәрі-дәрмектің, киім мен аяқ киімнің де бағасы тез өсті.
Сонымен қатар, құрылыс материалдары мен жеке пайдалануға арналған тауарлардың бағасы шарықтады.
Ақылы қызметтер инфляциясы сәуірде 8,9%-ға дейін жеделдеді (2022 жылғы наурызда – 8,3%).
Жоғары сұраныс пен тұрғын үй құнының қымбаттауы есебінен абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу бағасы өсу қарқынын азайтқан жоқ.
Сонымен қатар, сәуір айында шаштараздар мен амбулаториялық қызметтердің, мейрамханалар мен қонақ үйлердің бағасы көтерілді.
Эпидемиологиялық жағдай қалыпқа келе бастағанда сәуірде әуе қызметінің бағасы күрт өсті.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өндірушілер бағасының жылдық өсімі 21,6%-ға дейін баяулады (2022 жылғы наурызда – 23,3%).
2021 жылы бидайдың түсімі аз шығып, жем-шөп дақылдары қымбаттаған тұста азық-түлік тауарлары арасында нан-тоқаш, макарон өнімдерінің, ұн-жарма және сүт өнімдерінің бағасы қарқын ала өсті.
Ауыл шаруашылығында бағаның жылдық өсімі 18,5%-ға дейін (2022 жылғы наурызда – 17%) жеделдеді.
Өсімдік шаруашылығында дәнді және жем-шөп, көкөніс пенбақша дақылдары бағасының өсу жағынан жеделдегені байқалды.
Мал шаруашылығы өнімдері арасында тірі мал мен құстың бағасы баяу өсті, жұмыртқа бағасының төмендеуі қалыпты болса, шикі сүттің бағасы қарқын ала өсті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!