Теміржол билеттерінің 70 пайызы онлайн сатып алынады
Бүгінгі таңда қазақстандықтар теміржол билеттерінің 70 пайызын интернет арқылы сатып алады.
13:21 18.05.2022
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық. Жол жүру құжаттарының онлайн сатылымы, әсіресе карантиндік шектеулер алынып тасталғаннан кейін айтарлықтай өскен.
«2019 жылғы шілде айынан бастап ұлттық тасымалдаушы компания теміржол билеттерін сатуды толығымен «Мобиус» электронды жүйесіне ауыстырды. Бұл бастама өз кезегінде өткізу арналарын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік беріп, азаматтар үшін билеттерді сатып алу шарттарын жақсартуға әсер етті», - делінген министрлік мәлімдемесінде.
Қазір теміржол билеттері «ҚТЖ» ҰК» АҚ-на тиесілі 164 касса, 3 мың касса агенттігі мен пошта бөлімшесі, 15 интернет сайт пен мобильдік қосымша (оның ішінде bilet.railways.kz сайты мен «ҚТЖ билеттері» мобильдік қосымшасы) және 30 мың өзіне-өзі қызмет көрсету автоматтары арқылы сатылады.
2022 жылдың алғашқы төрт айында «Күту парағы» қызметі арқылы 18 мыңнан астам билет рәсімделген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есе көп.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!