Президент Алматы әкіміне бірқатар тапсырма берді
Мемлекет басшысының қабылдауында болған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев мәлім еткендей қаңтар оқиғасынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің 97 пайызы жұмысына қайта кірісті, деп хабарлайды Ақорда.
17:02 18.05.2022
Президентке зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің шығынын өтеу жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды. Бүгінге дейін құны 13,9 млрд теңге болатын 1 556 өтініш мақұлданған. Зардап шеккен ШОБ субъектілерінің 97 пайызы қаңтар оқиғасынан кейін жұмысына қайта кіріскен.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысына Алматы қаласының биылғы қаңтар-сәуір айларындағы экономикалық жағдайы туралы есеп берілді. Осы кезеңде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,6 пайызға дейін көтерілді. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі 21,3 пайызға жеткен. Қаңтар оқиғасынан кейінгі қала экономикасының өсу қарқыны екінші жартыжылдықтың басында толық қалпына келеді деп болжанып отыр.
Сонымен қатар, Президентке Алматының 2030 жылға дейінгі дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын басымдықтар ұсынылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, маусым аралығында ерте пісетін көкөністер жеткізілмек және тұрақтандыру қоры 11-ден 15 млрд теңгеге дейін көбейген.
Президенттің қалада құрылыстың тығыз болуына жол бермеу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысы туралы айтылды.
Ерболат Досаев Мемлекет басшысына Алматыдағы нөсер жауынға арналған кәріз жүйесін жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі ережелері таныстырды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!