Қазақстандық екі боксшы қыз әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Ыстанбұлда әйелдер арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінде қазақстандық екі боксшы қола жүлдегер атанды.
21:00 18.05.2022
2016 жылғы әлем чемпионы Валентина Хальзова 70 келіге дейінгі салмақта Мозамбик елінің өкілі Алсина Хелена Пангуанмен шеберлік байқасты.
Жекпе-жекті тәп-тәуір бастаған Валентина соңғы раундта нокдануға түсіп қалды.
Сөйтіп Мозамбик боксшысы өз елінің тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының финалына шықты.
Сондай-ақ бүгін Ақмола облысының өкілі Карина Ибрагимова 57 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда тайбэйлік Линь Юй Тинмен рингке шықты.
Бұл жекпе-жекте төрешілердің бірауыздан шешімімен 2018 жылғы әлем чемпионы Линь Юй Тиннің мерейі үстем болды – 5:0.
Осылайша, К.Ибрагимова өзінің спорттық жолында екінші рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Бүгін кешкі сессияда тағы бір қазақстандық Дина Жоламан 54 келіге дейінгі салмақта румыниялық Лакрамиоара Перишочпен жұдырықтасады.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!