Маңғыстауда мектеп бітіру кешінде мерекелік дастархан жаюға тыйым салынды
Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
10:10 24.05.2022
Оның айтуынша, мектеп бітіру кеші мектеп қабырғасында өткізілуі тиіс және оны білім мекемесі ұйымдастыруы қажет.
«Мектеп түлектеріне мыналарға тыйым салынады: аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, суретшілерді, мерекелік іс-шараларды өткізу үшін жеке студияларды шақыруға, мерекелік дастархан ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөлік шақыруға, қала (аудан) бойынша экскурсия өткізуге, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлыққа қаражат жинауға, ойын-сауық мекемелерінде кеш ұйымдастыруға болмайды», - деді Гүлмира Мамаева.
Мектеп оқушыларының мектеп бітіру кешіне мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер, түлектердің ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелері, демеуші ұйымдардың, облыстық білім басқармасының өкілдері, бітіру іс-шараларына мүдделі мемлекеттік органдар және басқалары қатыса алады.
Жалпы, биыл Маңғыстауда мектепті 7562 түлек аяқтайды. Оның ішінде 7114-і мемлекеттік күндізгі мектептің, 59-ы жекеменшік, 389-ы кешкі мектеп түлектері.
11 сынып білім алушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары – 2022 жылғы 27 мамыр – 10 маусым аралығы.
«Алтын белгіге» үміткерлер барлық қорытынды емтиханды өз мектептерінде тапсырады.
Аттестатты салтанатты тапсыру 16-17 маусымға жоспарланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!