Биыл ЖОО-ға құжат арнайы цифрлық платформа арқылы қабылданады
Осы жылы еліміздің жоғары оқу орындары түлектердің құжаттарын министрліктің бірыңғай цифрлық платформасы арқылы қабылдайды.
15:14 24.05.2022
Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.
«Алда түлектерді қорытынды емтихандар күтіп тұр. Әсіресе, жаздыгүні университеттер мен колледждердің жұмысы қыза түспек. Биыл оқу орындарына құжат қабылдау біздің министрліктің арнайы цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылады. Арнайы платформа арқылы құжат тапсыру тек мемлекеттік грантқа үмітті түлектер үшін ғана емес, сонымен қоса ақылы бөлімде оқуды жоспарлаған түлектерге де қатысты», - деді Асхат Аймағамбетов аталған ведомствода өткен аппараттық жиналыста.
Министрдің айтуынша, грант немесе ақылы бөлімге оқуға түсетін барлық түлек үшін талап ортақ.
«Осылайша құжаттар қабылдау бір жүйе арқылы іске асады. Сондықтан ЖОО-ға ескерту, баяғыдай құжаттарды кейін алып келерсіз дейтін заман кетті», - дейді ол.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!