СҚО-да 5 тонна чипс тиелген фура аударылып қалды
Солтүстік Қазақстан облысында трассада қытырлақ картоп тиеген жүк көлігі аударылып қалды.
Фото: polisia.kz
16:18 24.05.2022
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға Қызылжар ауданындағы Кондратовка елді мекенінің маңында өткен сенбі күні сағат 15.00 шамасында болған. Новосібір қаласынан Қостанайға бет алған ақтөбелік жүргізушінің фурасының қозғалтқыш бөлігі істен шығып, бұрылмақ болған «MAN» жүк көлігі бір жағына аударылып кеткен.
Фураға 5 тонна чипс тиелген екен. Жүргізушіге көмекті 5 сағат күтуге тура келді. Жолда сынып тұрған жүк көлігі жайында тәртіп сақшыларына сол маңнан өтіп бара жатқан жүргізушілер хабарлаған.
Көмекке жақын маңда - «Челябі-Новосібір» автожолында патрульдеуде жүрген патрульдік полиция батальонының қызметкерлері келді. Полицейлер Мамлют ауданынан «Қазавтожол» ЖШС ауыр техникасын алдырды. Алайда жолдан шығып, бүйірлеп жатқан жүк көлігін шығару оңай болмады.
Облыс орталығынан тәртіп сақшылары «КамАЗ»-ға орнатылған кранды шақыртты. Нәтижесінде рефрижератор-фураның алдыңғы және артқы бөліктерін ажыратып шығаруға тура келді. Барлық жұмыс тек кешкі сағат 21.00 шамасында ғана аяқталды.
«Оқиға туралы хабарды алған соң бірден жүргізушіге аттандық. Көмек ұйымдастырып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Жүргізуші біздің өңірдің тұрғыны емес, кімнен көмек сұрауды және қайда жүгінуді білмеген», - дейді патрульдік полиция батальонының инспекторы Әділ Қазиев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!