Алматы білім басқармасы ата-аналарға үндеу жасады
Ертең орта білім беретін барлық ұйымдарда оқу жылы аяқталады.
19:12 24.05.2022
26 мамырдан бастап 9, 11-сынып оқушылары емтихандарын тапсырады. Ал қалған сынып оқушылары үшін 17 маусымға дейін жалғасатын жазғы мектеп ұйымдастырылады. Бұл туралы Алматы қалалық Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева айтты.
«Білім беру сапасын арттыру және пандемия, шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білімдегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында 2022 жылғы 26 мамыр мен 17 маусым аралығында 1-8, 10 сынып оқушылары үшін әрбір білім беру ұйымының жазғы мектебінде оқыту ұйымдастырылады»,- деді ол.
Ал 9, 11-сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар бекітілген кестеге сәйкес, 9-сыныптарда 28 мамырдан 6 маусымға дейін, 11-сыныптарда 27 мамырдан 10 маусымға дейін өткізіледі.
«ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектеп бітіру кешін өткізу бойынша ұсыныстарына назар аударғым келеді. Биыл мектеп бітіру кеші мектеп қабырғасында болады, ал аттестаттарды тапсыру салтанаты 16-17 маусымда өтеді. Мектепті бітіруге қатысты барлық шаралар мектеп қабырғасында өткізілуі керек. Түлектердің ата-аналарына бұл іс-шараларға шығындану тиімсіздігі туралы ескертеміз», - деді Гүлнар Ермекбаева.
Оның айтуынша, мектеп бітіру кешін білім беру ұйымы өз күшімен ұйымдастырады. Іс-шараға аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, ақылы әртістерді шақыруға, мерекелік отырыстар ұйымдастыруға, жалға алынған автомобильдерде экскурсиялар өткізуге жол берілмейді.
«Сондықтан мұғалімдерге, мектепке сыйлықтар жинауға қатаң тыйым салынғанын атап өткім келеді. Мектеп бітіру іс-шараларын аяқтау және өткізу мәселелері бойынша департаменттің call-орталығына көптеген сұрақтар келіп түсуде, онда барлығына оқу жылының аяқталуы бойынша түсініктеме береміз», - деп атап өтті Алматы қаласының білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!