Қазақстан-Әзербайжан матчынан кейін қосымша автобустар шығарылады - әкімдік
Бүгін Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар Лигасы аясында «Астана Арена» стадионында Әзербайжан командасымен кездеседі. Матчтан соң жанкүйерлерді тарату үшін қосымша автобустар ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
08:34 03.06.2022
«Матч аяқталғаннан кейін қосымша бағыттар күшейтіледі. Сондай-ақ, «Астана Арена» тұрағында және Қабанбай батыр даңғылындағы автобус аялдамаларында жанкүйерлерді тарату үшін автобустар ұйымдастырылады. Жолақы 90 тг тарифі бойынша қолма-қол ақшасыз жасалады», - делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа бас бапкер Магомед Адиевтің басшылығымен УЕФА Ұлттар Лигасының 2022/23 жылғы жаңа маусымын бастайды. Жеребе қорытындысы бойынша қазақстандықтар Словакия, Әзербайжан және Беларусь командаларымен 3 «С» дивизионында күш сынасады.
3 маусымда Қазақстан құрамасы Әзербайжанмен ойнайды. Ойын елорда уақытымен 20:00-де «Астана Арена» стадионында өтеді. Тікелей көрсетілімді «QAZSPORT» телеарнасынан, qazsporttv сайтынан және Qazaqstan.tv мобильді қосымшасынан көруге болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!