Ұлттық банк теңге бағамына қатысты жағдай тұрақтанғанын жариялады
Мамыр айынан бастап теңге бағамы тұрақтана бастады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлім етті.
15:56 07.06.2022
Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында тілшілер теңгенің шетел валютасына қатысты бір деңгейде нығаюына қатысты сұрақ қойды.
Бұл ретте ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов осы бағытта ҰБ еркін айырбас бағамы саясатын ұстанатынын атап өтті.
Өз кезегінде Әлия Молдабекова биылғы ақпаннан бері теңге бағамының құбылмалығы геосаяси тәуекелдер мен жаһандық нарықтағы өзгерістерге байланысты болғанын айтты.
«Сондықтан еркін айырбас бағамы режимінде тұрған теңгеге аталған жағдайлар ықпал етті. Біздің ойымызша, теңгенің еркін бағамы сыртқы ахуалға экономикамыздың әрі нарығымыздың жылдам бейімделуіне мүмкіндік береді. Мамыр айынан бастап жағдай тұрақтанды. Бұған сыртқы нарықтардағы ахуалдық тұрақтануы ықпал етті. Қазіргі кезде мұнайдың, энергия ресурстарының бағасы өскенін байқап отырмыз. Бұл ресурстар біздің экспортқа шығаратын негізгі тауарымыз болып отыр», - деді Ә. Молдабекова.
Осы орайда ҰБ төрағасының орынбасары аталған тұрақтану процесіне экспорттаушылар тарапынан шетел валютасындағы ұсыныстарының артуы ықпал еткенін атап өтті.
«Сондықтан валюта нарығындағы жағдай теңдестірілгенін көріп отырмыз», - деді ол.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!